Елена Рыбакина Доха турнирінің ширек финалына шықты

Фото: Фото: Sportbox

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстанның бірінші, әлемнің 7-ракеткасы Елена Рыбакина Доха (Қатар) WTA 1000 турнирдің ширек финалына шықты.

Қазақстандық теннисші үшінші айналымда әлемнің 46-ракеткасы, Словакия өкілі Ребекка Шрамковаға қарсы келді.

Бірінші партияда Елена 3:0 есебімен алға шыққанымен, словакиялық теннисші таразы басын теңестірді. Тай-брейкте Рыбакина ес жиғызбады - 7:6 (7:1).

Екінші сет қазақстандық теннисшінің айқын басымдылығымен аяқталды - 6:2.

Бір сағат 26 минутқа созылған бәсеке барысында Рыбакина 4 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Шрамкова 2 эйс, 2 брейкпен (3 брейк-пойнт) көзге түсті.

Елена Рыбакина жартылай финалға шығу үшін әлемнің 2-ракеткасы, поляк қызы Ига Швентек немесе рейтингіде 33-орындағы чехиялық Линда Носкованың біреуімен таласады.

И.Швентек осы додада үш жыл қатарынан чемпион атанған болатын. Өткен жылы финалда Е.Рыбакинаны ұтқан еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Рыбакинаның бапкерін жұмысынан шеттету туралы жаңа мәліметтер шыққанын жазған болатынбыз.