АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 3-ракеткасы Елена Рыбакина Дубай.WTA 1000 турнирін жеңіспен бастады.
Жарыстың бірінші ракеткасы болып тіркелген Елена Рыбакина екінші айналымда рейтингіде 94-орында тұрған аустралиялық Кимберли Биррелді тас-талқан етті — 6:1, 6:2.
1 сағат 2 минутқа созылған бәсекеде Елена 6 эйспен бірге 6 брейк-пойнттың төртеуін құр жібермеді. Биррелл 1 эйспен шектелді.
Елена Рыбакина ширек финалға шығу үшін әлемнің 67-ракеткасы, хорватиялық Антония Ружичпен таласады.
Өткен жылы қазақстандық теннисші жартылай финалға дейін жеткен еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшілердің Франциядағы турнирде қарсыластарын ойсырата ұтқанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).