Қазақстанның бірінші, әлемнің 5-ракеткасы Елена Рыбакина WTA 1000 турнирлерінде бір маусымда эйс жасау жөнінен әлемдік рекордты жаңартты, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
Сhampionat.com сайтынан алынған мәліметке қарағанда, қазақстандық теннисші өткен аптада Бейжің WTA 1000 жарысында 38 эйс жасады.
Сөйтіп биылғы маусымда осындай додаларда жасаған эйс санын 235-ке жеткізіп, чехиялық Каролина Плишкова мен америкалық Серена Уильямсті басып озды.
К.Плишкова 2019 жылы WTA 1000 турнирлерінде 234, ал С.Уильямс оған дейін 233 эйс жасаған еді.
Елена Рыбакина Бейжіңде табысты өнер көрсетіп, ширек финалда әлемнің 1-ракеткасы, белоруссиялық Арина Соболенконы ұтты.
Тек жартылай финалда ресейлік Людмила Самсоноваға жол берді.
Қазіргі кезде қазақстандық теннисші WTA қорытынды жарысына дайындалып жатыр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстаннан екі бірдей жас теннисшінің ТОП-100 қатарына кіргенін жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).