Елена Рыбакина Горан Иванишевичпен бірге бірнеше ірі табысқа жетуі мүмкін – Новак Джокович
АСТАНА. KAZINFORM – Әлемнің экс 1-ракеткасы, «Үлкен дулыға» турнирінің 24 дүркін чемпионы Новак Джокович өзінің бұрынғы бапкері Горан Иванишевичтің Елена Рыбакинаны жаттықтыруына байланысты пікірін білдірді.
Қазіргі кезде Брисбен (Аустралия) ATP 250 турниріне қатысып жатқан сербиялық теннисші өзіне Елена Рыбакинаның ойыны ұнайтынын мәлімдеді.
- Горан менімен бірге жұмыс істеген кезде біз Рыбакинаның өнерін ынта қойып қарайтынбыз. Сондықтан екеуінің бірге болатынына қуаныштымын. Горан оның ойынына оң әсерін тигізіп, табысқа жетелейді деп үміттенемін. Осыған дейін-ақ Елена «Үлкен дулыға» турнирін ұтып алды, мұның қандай екенін біледі. Оның бұдан да биік табысқа жеткісі келетіні анық. Мен оның маусымды бірнеше жеңіспен бастағанын көрдім. Сондықтан мен оған барлық жақсыны тілеймін. Жуырда мен Горанмен хабар алыстым. Меніңше, WTA аясында жұмыс істеп көрген жоқ. Мен оның көңіл-күйін сұрадым. Бапкер ерлер теннисіне қарағанда, айырмашылық бар екенін мойындады. Бірақ Еленаға көмек көрсетуге аса ықыласты. Мен екеуі бірнеше ірі табысқа жетеді деп үміттенемін,— деді Джокович Брисбендегі баспасөз мәслихатында.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын United Cup турнирінде Елена Рыбакинаның Германиямен матчта Қазақстанды алға шығарғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Қазақстан алғаш рет United Cup турнирінің жартылай финалына өтті.