АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина италиялық бапкер Давиде Сангвинеттимен жұмысын тоқтатты.
Spazio Tennis мәлім еткеніндей, аталмыш шешім Рыбакина АҚШ ашық чемпионатының төртінші айналымында жеңіліп қалғаннан кейін қабылданған. Осылайша, қазіргі кезде хорватиялық маман Стефано Вуков қазақстандық теннисшінің жалғыз жаттықтырушысы болып қалып отыр.
Өткен жылы шілдеде Рыбакина С.Вуковпен қош айтысқан еді. Кейін тағы бір хорватиялық маман Горан Иванишевичпен жұмысы ұзаққа бармады.
Әйелдер теннисі қауымдастығы (WTA) теннисшімен қатал байланыс жасағаны үшін Вуковты жұмысынан шеттеткен болатын. Бірақ хорватиялық бапкер сот арқылы тыйымның күшін жойып, Рыбакинаның командасына қайта қосылды.
Ал Д.Сангвинеттимен Рыбакина биылғы ақпан айында келісім жасасқан еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның жаңа бапкері жөнінде айтқанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).