Елена Рыбакина қатысатын Мадрид турнирінің жеребесі тартылды
АСТАНА. KAZINFORM — Испания астанасы Мадридте 22 сәуір — 3 мамыр аралығында өтетін WTA 1000 турнирінде Қазақстаннан Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева өнер көрсетеді.
Рейтингідегі орындарына байланысты қазақстандық теннисшілер жарысты екінші айналымнан бастайды.
Қазақстанның көшбасшы теннисшісі Елена Рыбакина екінші айналымда әлемнің 43-ракеткасы, америкалық Маккартни Кесслер немесе рейтингіде 130-орындағы канадалық Бьянка Андреескудің қай жеңгенімен кездеседі.
Юлия Путинцева екінші айналымда аустралиялық Айла Томлянович немесе іріктеу сайысы жеңімпаздарының бірімен шеберлік байқасады.
Өткен жылы Е.Рыбакина ширек финалда Ю.Путинцевадан басым түскен еді. Бірақ Е.Рыбакина жартылай финалда беларуссиялық Арина Соболенкоға жол берді. Соңғы бәсекеде Польша өкілі Ига Швентек А.Соболенконы ұтып, чемпион атанды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Мадрид турнирінің чемпионы атанғанын жазған болатынбыз.