АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 3-ракеткасы Елена Рыбакина Аустралия чемпионатындағы жеңісі арқасында бірегей нәтижеге қол жеткізді.
Tennis Up to Date сайтынан мәлім еткеніндей, Е.Рыбакина қараша айынан бергі мерзімде 7 млн 996 мың 892 доллар (4 млрд 48 млн теңгеден астам) табыс тапты.
Бұдан бұрын дәл осындай қысқа уақыт ішінде ешкім мұндай көрсеткішке жетпеген еді.
Бұл серия өткен жылғы WTA қорытынды турнирінен басталды. Онда бірде-бір рет жеңілмеген Рыбакина 5 235 мың доллар табыс тапқан болатын, бұл да рекорд еді.
Жаңа жылды Брисбендегі (Аустралия) жарыстан бастаған Елена онда ширек финалға дейін жетті. Осы үшін 37,460 мың доллар алды.
Ал Аустралия ашық чемпионатындағы чемпиондық атағы үшін қазақстандық теннисшінің үлесіне 2 млн 724,432 мың доллар тиді.
Осылайша, Рыбакина қысқа мерзімде үш турнирде 8 млн-ға жуық табыс тапты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Карлос Алькарастың барлық «Үлкен дулыға» турнирін ұтқан ең жас теннисші атанғанын жазған едік.
Сондай-ақ қазақстандық теннисшілер Аустралиядағы турнирден кейін рейтингідегі орындарын жақсартты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).