АСТАНА. KAZINFORM Қазақстанның бірінші, әлемнің 11-ракеткасы Елена Рыбакина Лондон WTA 500 турнирінің жартылай финалына шыға алмады.
Қазақстандық теннисші ширек финалда әлемдік рейтингіде 86-орындағы германиялық Татьяна Мариямен шеберлік байқасты.
Осыған дейін қарсыластар бір рет кездесіп, онда Рыбакина ұтқан еді.
Бұл жолы бірінші партияда германиялық спортшы 6:4 есебімен басым түсті.
Екінші сетте Мария тай-брейкте жеңісті жұлып алды — 7:6 (7:4).
Бір сағат 45 минутқа созылған бәсекеде Рыбакина 9 эйс жасап, 12 брейк-пойнттың тек қана екеуін пайдаланды. Мария 8 эйс, 3 брейкпен (5 брейк-пойнт) көзге түсті.
Татьяна Мария финалға шығу үшін әлемнің 8-ракеткасы, америкалық Мэдисон Кизбен таласады. Ол әлемнің 12-ракеткасы, ресейлік Диана Шнайдерден айласын асырды — 2:6, 6:3, 6:4.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Шевченконың Братислава турнирінің жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).