АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 11-ракеткасы Елена Рыбакина Мадрид (Испания) WTA 1000 турнирінің төртінші айналымына шыға алмады.
Қазақстандық теннисші үшінші айналымда әлемнің 17-ракеткасы, украиналық Элина Свитолинаға қарсы келді.
Бірінші партияда есеп 3:2 болған мезетте украиналық спортшы брейк жасап кетті. Сол басымдылық оған жеткілікті болды – 6:3.
Екінші сетте де Свитолина 3:1 есебімен алға шықты. Ол матчқа доп бергенде, мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:4.
Бір сағат 25 минутқа созылған бәсеке барысында Рыбакина 5 эйс жасағанымен, 2 брейк-пойнтты пайдалана алмады. Свитолина 2 эйс, 2 брейкпен (4 брейк-пойнт) көзге түсті.
Өткен жылы Елена Рыбакина Мадридте жартылай финалға дейін жеткен еді. Биыл сол нәтижесін қайталай алмай, ұпайынан айырылды.
Е.Рыбакина қазіргі кезде WTA Live рейтингісінде 11-ден 12-сатыға төмендеп тұр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Бубликтің Мадридте өткен жылғы чемпионды ұтып, төртінші айналымға өткенін жазған болатынбыз.
Анна Данилина Мадрид турнирінің ширек финалынан тыс қалды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).