АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 8-ракеткасы Елена Рыбакина Майами (АҚШ) WTA 1000 турнирінің үшінші айналымына өте алмады.
Қазақстандық теннисші тартысты матчта әлемнің 40-ракеткасы, 20 жастағы Эшлин Крюгерге жол берді — 4:6, 6:2, 4:6.
Бір сағат 52 минутқа созылған бәсеке барысында Рыбакина 5 эйспен бірге 4 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. Крюгер 4 эйс, 2 брейкпен (3 брейк-пойнт) көзге түсті.
Бұған дейін Е.Рыбакина екі жыл қатарынан Майами турнирінің финалына шыққан еді. Биыл сол нәтижесін қайталай алмай, рейтингілік ұпайынан айырылды.
Оның сәуір айында Штутгарт (Германия) WTA 500 додасына қатыспайтынын ескерсек, үздік ондықтан шығып қалу қаупі төніп тұр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Рыбакинаның Қазақстан намысын қорғау үшін өзі чемпион болған жарысқа қатыспайтынын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).