АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 12-ракеткасы Елена Рыбакина Монреаль (Канада) WTA 1000 турнирінің үшінші айналымына шықты.
Жарысты екінші айналымнан бастаған қазақстандық теннисші дүниежүзілік рейтингіде 50-орында тұрған америкалық Хейли Баптистпен бетпе-бет келді.
Бұл қос теннисшінің өзара алғашқы кездесуі еді.
Рыбакина матчты көпке ұзатпады – 6:4, 6:2. Бір сағат 12 минутқа созылған бәсекеде ол 11 эйс жасап, 2 брейк-пойнттан шашау шығарған жоқ. Баптист 3 эйспен көзге түскенімен, 3 брейк-пойнтты пайдалана алмады.
Елена Рыбакина 1/8 финалға шығу үшін рейтингіде 52-сатыдағы румыниялық Жаклин Кристианмен таласады. Ол әлемнің 23-ракеткасы, чехиялық Линда Носкованы жеңіп кетті – 6:3, 6:4.
Монреаль додасы 7 тамызда мәресіне жетеді. Жеңімпаз 752 275 АҚШ долларына қоса 1 мың рейтингілік ұпайға ие болады.
Мұнда соңғы екі жылда америкалық Джессика Пегула үздік шыққан еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшілердің Германиядағы жарысты сәтті бастағанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).