АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның бірінші, әлемнің 6-ракеткасы Елена Рыбакина бұрынғы бапкері Стефано Вуковпен қарым-қатынасын қайта жалғастыратынын мәлімдеді.
Бұл туралы теннисші Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.
- Бәріңізге сәлем. Мен Стефаноның 2025 жылғы маусымда командама қосылатынын қуана жария етемін. Бәріңізге қолдауыңыз үшін рақмет. 2025 жыл тамаша жыл болсын! – деп жазды Е.Рыбакина.
Қазақстандық теннисшінің хорватиялық С.Вуковпен 2019 жылдан бастап жұмыс істегені белгілі. Алайда Елена 2024 жылдың тамызында ынтымақтастықты тоқтатқан болатын. Кейін қарашада Е.Рыбакинаның жаңа бапкері, тағы бір хорватиялық Горан Иванишевич болатыны жария етілді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын United Cup турнирінде Қазақстанның алғаш рет United Cup турнирінің жартылай финалына өткенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Новак Джокович Елена Рыбакинаның Горан Иванишевичпен бірге бірнеше ірі табысқа жетуі мүмкін екенін айтты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).