ПАРИЖ. KAZINFORM – Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина Парижде өтіп жатқан Ролан Гаррос турнирінің үшінші кезеңіне шықты.
Отандасымыз екінші айналымда дүниежүзілік рейтингіде 50-орында тұрған нидерландылық Аранча Руспен бетпе-бет келді. Осыған дейін қарсыластар екі рет кездесіп, бір-бірден жеңіске жеткен еді.
Бұл жолы бірінші партияда Рыбакина 6:3 есебімен басым түсті. Екінші сетте Рус 4:2 есебімен алға кеткенімен, бұдан кейін Елена ойындағы басымдықты толық қолына ала білді. Есеп – 6:4.
Бір сағаттан астам уақытқа созылған бәсеке барысында Рыбакина 8 эйспен бірге 4 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Рус 1 эйс, 1 брейкпен (3 брейк-пойнт) шектелді.
Енді Елена төртінші айналымға өту үшін әлемнің 27-ракеткасы, бельгиялық Элизе Мертенс немесе рейтингіде 81-сатыдағы хорватиялық Петра Мартичтің қай жеңгенімен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Дмитрий Попконың Италиядағы жарысты сәтті бастағанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).