Елена Рыбакина Штутгарт турнирінің финалына шығу үшін әлемнің 1-ракеткасымен таласады

Фото: Фото: Sports.kz

ШТУТГАРТ. KAZINFORM — Қазақстандық Елена Рыбакина бүгін Штутгарт (Германия) WTA 500 турнирінің жартылай финалында әлемнің 1-ракеткасы, Польша өкілі Ига Швентекпен ойнайды.

Финалдың жолдамасы сарапқа салынатын бәсеке Қазақстан уақытымен сағат 17.00-де басталады.

Бұл қос қарсыластың өзара алтыншы кездесуі болмақ. Әзірге есеп – 3:2, Елена Рыбакина алда. Бірақ биыл Доха жарысының финалында И.Швентек 7:6 (10:8), 6:2 есебімен ұтқан болатын.

Штутгарт додасына жеңімпазына қосымша «Порше» автокөлігі сыйға берілетіні белгілі.

Е.Рыбакина чемпион атанған жағдайда көлік жүргізу куәлігін алуға ықыласты екендігін жеткізді.

Екінші жартылай финалда әлемнің 8-ракеткасы, чехиялық Маркета Вондроушова мен дүниежүзілік рейтингіде 27-орындағы украиналық Марта Костюк шеберлік таластырады. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Штутгарт жарысының жартылай финалына өткенін жазған едік.