Елена Рыбакина Штутгарт жарысының жартылай финалына өтті
ШТУТГАРТ. KAZINFORM - Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина Штутгарт (Германия) WTA 500 турнирінің жартылай финалына шықты.
Қазақстандық теннисші ширек финалда әлемнің 14-ракеткасы, Италия өкілі Ясмин Паолинимен кездесті.
Осыған дейін қарсыластар өзара үш рет тоқайласып, соның екеуінде италиялық спортшының жолы болған.
Бұл жолы бірінші партияда Рыбакина 6:3 есебімен басым түсті.
Екіншісінде Паолини қарымта қайырды - 7:5.
Соңғы, шешуші сетте Рыбакина жеңісті жұлып алды - 6:3.
Екі сағат 10 минутқа созылған тартысты матчта Елена 7 эйспен бірге 15 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Ясмин 4 брейкпен (7 брейк-пойнт) көзге түсті.
Елена Рыбакина финалға шығу үшін әлемнің 1-ракеткасы, «Үлкен дулыға» турнирінің төрт мәрте чемпионы, поляк қызы Ига Швентек немесе рейтингіде 303-орындағы ұлыбританиялық, 2021 жылғы АҚШ чемпионатының жеңімпазы Эмма Радуканумен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Штутгарт турнирінің ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.