Елена Рыбакина Страсбург турнирінің ширек финалына өтті

Фото: Фото: ҚТФ

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 12-ракеткасы Елена Рыбакина Страсбург (Франция) WTA 500 турнирін жеңіспен бастады.

Жарыстың 4-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші алғашқы айналымда әлемдік рейтингіде 42-орында тұрған қытайлық Ван Синьюймен кездесті. 

Бірінші партияда Рыбакина екі рет брейк жасап, қинала қойған жоқ – 6:1. 
Тартыстылау өрбіген екінші сетте есеп 3:3 болған мезетте Елена брейк жасай алды. Содан кейін матчты тағы бір брейкпен түйіндеді – 6:3.

Бір сағат 4 минутқа созылған бәсекеде Рыбакина 6 эйспен бірге 10 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Синьюй 2 эйспен шектелді. 

Кездесуден кейінгі сұхбатында қазақстандық теннисші Ролан Гаррос турнирі қарсаңында сәтті ойнауға тырысатынын жеткізді. 

Елена Рыбакина жартылай финалға шығу үшін әлемнің 33-ракеткасы, Польша өкілі Магда Линетпен таласады. 

М.Линетт екінші айналымда рейтингіде 41-сатыдағы словакиялық Ребекка Шрамкованы қапы қалдырды – 6:4, 6:3. Р.Шрамкова алғашқы айналымда қазақстандық Юлия Путинцеваны ұтқан болатын. 

Жүлде қоры 925 661 еуроға бағаланған Страсбург жарысы 24 мамырда мәресіне жетеді. Өткен жылы чемпион атанған америкалық Мэдисон Киз биыл қатысып жатқан жоқ. 

Е.Рыбакина 2020 жылы Страсбургте финалға дейін жетіп, онда украиналық Элина Свитолинаға есе жіберген еді – 4:6, 6:1, 2:6. Содан кейін бұл додаға жолы түспеген болатын. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Дэвис кубогының іріктеу сайысын сәтті бастағанын жазған едік.

Дэвис кубогында Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Иранды 2:1 есебімен ұтты.