Елена Рыбакина Страсбург жарысының жартылай финалына шықты

Фото: Фото: ҚТФ

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның бірінші, әлемнің 12-ракеткасы Елена Рыбакина Страсбург (Франция) WTA турнирінің жартылай финалына жолдама алды.

Қазақстандық теннисші ширек финалда әлемнің 33-ракеткасы, Польша өкілі Магда Линетпен шеберлік байқасты.

Осыған дейінгі өзара екі кездесуде де Рыбакина жеңген еді. Бұл жолы Елена бірінші партияны брейкпен тәмамдады – 7:5. Екінші сетте де бір брейк жеткілікті болды – 6:3.

Бір сағат 40 минутқа созылған бәсеке барысында Рыбакина 6 эйспен бірге 9 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. Линетт 6 эйспен шектелді.

Енді Елена Рыбакина финалға шығу үшін әлемнің 9-ракеткасы, америкалық Эмма Наварро немесе рейтингіде 23-сатыда тұрған бразилиялық теннисші Беатрис Хаддад-Майяның біреуімен таласады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Рыбакинаның Страсбург турнирінің ширек финалына өткенін жазған болатынбыз.