Қазақстанның бірінші, әлемнің 5-ракеткасы Елена Рыбакина Токио WTA 500 турнирінде ойнаудан неге бас тартқанын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталмыш ірі жарыстың алғашқы айналымында қазақстандық теннисші чехиялық Линда Носковамен шеберлік байқасуы керек еді.
Е.Рыбакина «Спорт Шредингера» телеграм-каналында былай деп жазды.
«Биыл Токиодағы турнирден бас тартуға мәжбүр болғаным өте өкінішті. Мен бұл жарысқа қатысқым-ақ келді, бұл қала өте ұнайды. Мен ең алдымен өзімнің денсаулығыма және бабыма мән беруге тиіспін. 100 пайыз дайын болу үшін маған уақыт керек», - деп жазды Е.Рыбакина.
Қазақстандық теннисшіні Токио додасында рейтингіде 181-орында тұрған жапониялық Химено Сакацумэ ауыстырады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшілердің Азия ойындарын сәтті бастағанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).