АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина 6 тамызда басталатын Торонто (Канада) WTA 1000 турниріне қатысудан бас тартқан.
Қазақстан теннис федерациясынан түскен мәліметке қарағанда, Е.Рыбакина да, Юлия Путинцева да қазіргі кезде ем алуды жалғастыруда.
Сондықтан екеуі де Торонто додасына бара алмайды. Әсіресе, Юлияның жарақаты ауырлау.
Одан кейін қандай жарыстарға қатысатындары әзір белгісіз.
Федерацияның түсіндіруінше, Торонто сияқты ірі турнирлерге барлық жетекші теннисшілер WTA талаптарына сәйкес бір-екі ай бұрын өтінім жібереді.
Егер ойнай алмайтын болса, онда теннисшінің командасы ресми түрде бас тарту үшін медициналық құжаттарды жарыс ұйымдастырушыларына тапсырады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Парижде Новак Джоковичтің алғаш рет Олимпиада ойындарының финалына шыққанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).