Елена Рыбакина Уимблдон турнирін жеңіспен бастады
ЛОНДОН. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина Уимблдон турнирін жеңіспен бастады.
Бұдан екі жыл бұрын осы «Үлкен дулыға» жарысында чемпион атанған қазақстандық теннисші алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингіде 152-орында тұрған румыниялық Елена Габриэла Русемен шеберлік байқасты.
Осыған дейін қарсыластар екі жыл бұрын Майамиде кездесіп, онда Рыбакина 6:4, 7:5 есебімен жеңіске жеткен еді.
Бұл жолы Русе 2:0 есебімен алға шыққанымен, Елена таразы басын теңестіріп қана қоймай, сетті өз еншісіне жазды — 6:3.
Екінші партияны Рыбакина брейкпен бастап, еш мүмкіндік берген жоқ — 6:1.
Бір сағат 10 минутқа созылған бәсеке барысында қазақстандық спортшы 3 эйспен бірге 9 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Русе 2 эйс, 1 брейкпен (2 брейк-пойнт) шектелді.
Елена Рыбакина үшінші айналымға шығу үшін әлемнің 72-ракеткасы, германиялық Лаура Зигемундпен таласады. Ол рейтингіде 184-сатыдағы украиналық Катерина Байндльді жолдан тайдырды — 6:4, 6:1.
Бүгін кортқа Юлия Путинцева да шығады. Оның қарсыласы — германиялық Анжелика Кербер.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Уимблдонда Александр Бубликтің 32 эйс жасап, екінші айналымға шыққанын жазған болатынбыз.