АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның бірінші, әлемнің 11-ракеткасы Елена Рыбакина Уимблдон турнирінің төртінші айналымына шыға алмады.
Қазақстандық теннисші үшінші матчын әлемнің 22-ракеткасы, даниялық Клара Таусонмен өткізді.
Қарсыластар осыған дейін екі рет кездесіп, екеуінде де Рыбакина басым түскен еді. Бұл жолы бірінші партияда тай-брейкте даниялық теннисшінің жолы болды - 7:6 (8:6).
Екінші сетте Таусон брейк жасап, 3:0 есебімен алға кетті. Ақыры матчты жеңіспен аяқтай білді - 6:3.
Екі сағаттан астам уақытқа созылған тартысты бәсекеде Рыбакина 5 эйс жасағанымен, 4 брейк-пойнтты мүлт жіберді. Таусон 3 эйс, 1 брейкпен (10 брейк-пойнт) көзге түсті.
Осылайша, Рыбакина өткен жылғы нәтижесін (жартылай финал) қайталай алмай, рейтингілік ұпайын жоғалтты.
Таусон ширек финалға шығу үшін әлемнің 4-ракеткасы, Польша өкілі Ига Швентек немесе рейтингіде 54-орындағы америкалық Даниэль Коллинздің қай жеңгенімен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Уимблдонда Елена Рыбакинаның Серена Уильямстің жетістігін қайталағанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).