Елена Рыбакина US Open турниріне киіп шығатын киім үлгісін көрсетті

Фото: Фото: yonex.com

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина АҚШ ашық чемпионатына ойнауға арналған киім үлгісін көпке жария етті. 

Қазақстандық теннисші осыған дейін Цинциннати (АҚШ) WTA 1 000 турнирінде өнер көрсетіп, үшінші айналымға шыға алмаған еді.

Онда әлемнің 27-ракеткасы, канадалық Лейла Фернандеске жол берген болатын – 6:3, 6:7 (3:7), 4:6. 

Осы жеңіліске қарамастан, Рыбакина биыл WTA 1 000 жарыстарында виннерс санын 600-ден асырып, екінші орында келеді.

Алдағы АҚШ чемпионаты 26 тамыз – 8 қыркүйек аралығында өтеді. Өткен жылы мұнда америкалық Кори Гауфф үздік шыққан болатын.

Фото: yonex.com

US Open теннис тарихында ең жүлде қоры көп турнир болмақ. Ойыншылар 75 млн АҚШ долларын табады, бұл өткен жылғыдан 15 пайызға көп. 

Аталмыш «Үлкен дулыға» жарысына Қазақстаннан әйелдер арасында жекелей сында Рыбакинамен бірге Юлия Путинцева қатысады. 

Зарина Дияс іріктеу сайыстарында алғашқы кездесуінде қытайлық Ма Есиньнен жеңіліп қалды – 4:6, 4:6. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын US Open іріктеу турнирінде Жұқаев пен Скатов өзара кездесетінін жазған едік.