Елена Рыбакина Вашингтон турнирінің финалынан тыс қалды

Фото: ҚТФ

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 12-ракеткасы Елена Рыбакина Вашингтон (АҚШ) WTA 500 турнирінің финалына шыға алмады.

Жарыстың 3-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші жартылай финалда әлемдік рейтингіде 36-орындағы канадалық, 2021 жылғы АҚШ ашық чемпионатының финалисі Лейла Фернандеспен бетпе-бет келді.

Қарсыластар осыған дейін екі рет кездескен. 2024 жылы Елена Доха WTA 1000 турнирінің ширек финалында 6:4, 6:2 есебімен басым түскен. Алайда канадалық теннисші Цинциннатиде екінші айналымда 3:6, 7:6 (7:3), 6:4 есебімен есе қайырған еді.

Бұл жолы бірінші партияда тай-брейкте қазақстандық спортшы айқын басымдылық танытты – 7:6 (7:2).

Елена екінші сетте бірден 2:0 есебімен алға шықты. Бірақ Рыбакина матчқа доп бергенде, қателікке бой алдырып, Фернандес таразы басын теңестіріп кетті – 5:5. Тай-брейкте Лейла сәтті ойнады – 7:6 (7:3).

Үшінші, шешуші партияда канадалық теннисші жеңісті жұлып алды – 7:6 (7:3).

Үш сағат 13 минутқа созылған тартысты бәсекеде Рыбакина 17 эйспен бірге 5 брейк-пойнттың тек біреуін пайдаланды. Фернандес 12 эйс, 1 брейкпен (6 брейк-пойнт) көзге түсті.

Л.Фернандес финалда әлемнің 46-ракеткасы, ұлыбританиялық Эмма Радукану немесе рейтингіде одан екі саты төмен тұрған ресейлік Анна Калинскаяның қай жеңгенімен шеберлік байқасады.

Тағы бір қазақстандық теннисші, әлемнің 269-ракеткасы Зарина Дияс Фигера-да-Фош (Португалия) ITF W100 турнирінің финалына өте алмады.

Зарина жартылай финалда әлемдік рейтингіде 264-сатыдағы ресейлік Мария Тимофееваға есе жіберді. Дегенмен З.Дияс қазіргі кезде WTA Live рейтингісінде 251-орынға көтеріліп тұр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Аустриядағы жарыстың жеңімпазы атанғанын жазған едік.