АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 12-ракеткасы Елена Рыбакина жекелей сында Вашингтон (АҚШ) WTA 500 турнирінің ширек финалына шықты.
Жарыстың 3-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші екінші айналымда рейтингіде 88-орындағы канадалық, 18 жастағы Виктория Мбоконы қапы қалдырды.
Матч 6:3, 7:5 есебімен Рыбакинаның пайдасына шешілді.
Бір сағат 25 минутқа созылған бәсекеде Елена 3 эйспен бірге 9 брейк-пойнттың төртеуін мүлт жібермеді. Мбоко 3 эйс, 2 брейкпен (3 брейк-пойнт) көзге түсті.
Елена Рыбакина жартылай финалға шығу үшін әлемнің 24-ракеткасы, Польша өкілі Магдалена Френх немесе кортқа жуырда қайта оралған 45 жастағы атақты америкалық Винус Уильямстің қай жеңгенімен таласады.
Жүлде қоры 1,2 млн АҚШ долларына бағаланған Вашингтон турнирі 27 шілдеде аяқталады.
Е.Рыбакина мұның алдында жұптық сында да ширек финалға шыққан еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустриядағы турнирде Александр Бублик пен Александр Шевченконың ширек финалда кездесетінін жазған едік.
Сондай-ақ Зарина Дияс Поругалиядағы жарыста қарсыласын бет қаратпай ұтты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).