АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 2-ракеткасы Елена Рыбакина Торонто турнирінің қорытындысы бойынша WTA чемпиондық кестесінде қайтадан бірінші орынға көтерілді.
Торонтода финалға дейін жеткен қазақстандық теннисші чемпиондық кестеде бірден екі сатыға жоғарылады.
Қазіргі таңда Е.Рыбакинаның еншісінде 5 277 ұпай бар.
Екінші орында 5 065 ұпай жинаған Беларусь өкілі Арина Соболенко тұр. Бұған дейін көш бастаған ресейлік Мирра Андреева 5 064 ұпаймен үшінші орынға ығысты.
Торонтодағы турнирдің чемпионы атанған Польша өкілі Ига Швентек 2 954 ұпаймен 12-ден 10-сатыға шықты.
Тағы бір қазақстандық Юлия Путинцева WTA чемпиондық кестесінде 760 ұпаймен 56-дан 57-ге сырғыды.
WTA чемпиондық кестесінде теннисшілердің биылғы маусымдағы нәтижелері есепке алынады. Чемпиондық кестеде үздік сегіздікке енген спортшылар WTA қорытынды турнирінде бақ сынайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Цинциннати турнирінің үшінші айналымына шыққанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).