АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 6-ракеткасы Елена Рыбакина Дубайда (БАӘ) жаттығып жатыр.
Физиотерапевт Стефан Дюэль Instagram әлеуметтік желісінде фотосуретті жариялады.
Онда Елена Рыбакина өз командасымен бірге бейнеленген. Оның ішінде хорватиялық бапкер Горан Иванишевич те бар.
Қазақстандық теннисші бес жыл бойы хорватиялық Стефано Вуковпен бірге жаттығып, онымен қарым-қатынасты биылғы тамыз айында үзген болатын.
Содан кейін осыған дейін сербиялық, «Үлкен дулыға» турнирінің 24 дүркін чемпионы Новак Джоковичті жаттықтырған Г.Иванишевичпен келісімге келген еді.
Елена Рыбакина алдағы жылы 12-26 қаңтар аралығында өтетін Аустралия ашық чемпионатында табысты өнер көрсетуге бел байлап отыр.
Қазақстандық теннисші 29 желтоқсан – 5 қаңтарда болатын Брисбен (Аустралия) WTA 500 турниріне бұл жолы қатыспайды. Өткен маусымда осы жарыста Е.Рыбакина чемпион атанған еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Горан Иванишевичтің Елена Рыбакинаны бапкері болғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).