АСТАНА. KAZINFORM – Аустралияда 4-11 қаңтарда әйелдер арасында Брисбен WTA 500 турнирі өтеді.
Жылдың алғашқы жарысына қатысушылар тізіміне Қазақстанның бірінші, әлемнің 5-ракеткасы Елена Рыбакина енгізілген.
Сондай-ақ аталмыш додада әлемнің 1-ракеткасы, «Үлкен дулыға» турнирінің төрт дүркін чемпионы, Беларусь өкілі Арина Соболенко бастаған басқа да танымал теннисшілер бақ сынайды.
Өткен жылы осы турнирде Е.Рыбакина финалда А.Соболенконы 6:0, 6:3 есебімен ойсырата ұтып, жеңімпаз атанған болатын. Ал биыл қазақстандық теннисші қатыспаған еді. Сондықтан алдағы жарыста сәтті өнер көрсетсе, рейтингілік ұпай қорын толықтыра алады.
Сонымен қатар Брисбен турнирі Аустралия ашық чемпионаты қарсаңында дайындық есебінде болмақ.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия ашық чемпионатына қатысатын қазақстандық теннисшілер белгілі болғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).