Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина Брисбен (Аустралия) WTA 500 турнирінде жаңа жылдағы беташар матчын өткізеді, деп хабарлайды Kazinform .
Жарысты екінші айналымнан бастайтын қазақстандық теннисші дүниежүзілік рейтингте 124-орында тұрған аустралиялық Оливия Гадекимен сынға түседі.
Бәсеке Астана уақытымен сағат 14.30-да басталады.
Жүлде қоры 1,7 млн доллардан асатын аталмыш додада Е.Рыбакина екінші ракетка болып тіркелген. Турнир жеңімпазы 220 мың доллар табыс тауып, 500 рейтингілік ұпайға ие болады.
Тағы бір қазақстандық, әлемнің 190-ракеткасы Денис Евсеев Канберра (Аустралия) челленджер турнирінің екінші айналымында рейтингте 167-орындағы чехиялық Якуб Меншикке жол берді – 4:6, 4:6. Сөйтіп, ширек финалға шыға алмады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Таиландтағы жарыстың ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).