АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 7-ракеткасы Елена Рыбакина 2020 жылдың басынан бері WTA матчтарында 207 жеңіске қол жеткізді.
Жеңіс саны жөнінен қазақстандық теннисші әлемде үздік үштікті түйіндеп тұр.
Е.Рыбакинаның алдына тек Польша өкілі Ига Швентек (267 жеңіс) пен белоруссиялық, әлемнің 1-ракеткасы Арина Соболенко (231) ғана түскен.
Елена Рыбакина Индиан-Уэллс WTA 1000 турнирінің төртінші айналымында әлемнің 11-ракеткасы, ресейлік Мирра Андреевамен ойнайды.
Бір қызығы, 21 ақпан күні Дубайдағы дәл осындай жарыстың жартылай финалында Е.Рыбакинаның жолын М.Андреева кескен еді. Кейін ол спорттық жолында алғаш рет WTA 1000 турнирінде чемпион атанды.
Қазақстандық спортшы Дубайда кеткен есені қайтара ала ма, оны 12 наурыз күні түнде өтетін бәсеке көрсетеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Индиан-Уэллс турнирінің төртінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).