Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина Брисбен (Аустралия) WTA 500 турнирінде алғашқы жеңісіне қол жеткізді, деп хабарлайды Kazinform.
Жарыстың 2-ракеткасы болып тіркеліп, екінші айналымнан бастаған Е.Рыбакина бастапқы кездесуін дүниежүзілік рейтингте 124-сатыда тұрған аустралиялық Оливия Гадекимен сәтті өткізді.
Бірінші партияда қазақстандық теннисші брейк жасай алды – 6:4.
Екінші сетте Елена қарқынын тіпті үдетті – 6:1.
Бір сағаттан астам уақытқа созылған бәсеке барысында Рыбакина 4 эйс жасап, 5 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды.
Елена Рыбакина жүлде қоры 1,7 млн АҚШ долларынан асатын доданың ширек финалына шығу үшін әлемнің 30-ракеткасы, бельгиялық Элиза Мертенс немесе рейтингіде 44-орындағы америкалық Слоан Стивенспен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның жаңа жылдағы алғашқы матчын өткізетінін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Анна Данилина Жаңа Зеландиядағы жарыстың жартылай финалына шықты.
Александр Недовесов Брисбен турнирінің ширек финалына жолдама алды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).