МЕЛЬБУРН. KAZINFORM — Аустралия ашық чемпионатында қазақстандық Елена Рыбакина мен ресейлік Анна Блинкованың матчында рекордтық дерек тіркелді.
Жарты сағаттан астам уақытқа созылған шешуші тай-брейк 22:20 есебімен (42 ұпай) ресейлік теннисшінің пайдасына аяқталды.
Бұл — жекелей сында «Үлкен дулыға» турнирлерінде ең ұзаққа созылған тай-брейк.
Бұдан бұрынғы рекорд 38 ұпай болатын.
2007 жылы Australian Open турнирінде франциялық Жо-Вильфрид Цонга ұлыбританиялық Энди Родикті бірінші сеттегі тай-брейкте 20:18 есебімен ұтқан еді.
Сондай-ақ украиналық Леся Цуренко өткен жылы Уимблдонда румыниялық Ана Богданды үшінші партияда дәл осындай есеппен жеңіп, аталмыш көрсеткішті қайталаған болатын.
Аустралия ашық чемпионатының екінші айналымынан аса алмаған Е.Рыбакина WTA Live рейтингісінде қазіргі сәтте 3-тен 5-орынға түсіп қалды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия чемпионатында Елена Рыбакинаның аса тартысты матчта есе жібергенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).