Елена Рыбакинаның Цинциннати турниріндегі алғашқы қарсыласы анықталды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның бірінші, әлемнің 2-ракеткасы Елена Рыбакина Цинциннати (АҚШ) WTA 1000 турнирін екінші айналымнан бастайды.

Фото: ҚТФ

Торонто додасынан кейін бірден Цинциннатидегі жарысқа қатысатын қазақстандық теннисші екінші айналымда рейтингіде 110-орындағы америкалық Тейлор Таунсендпен шеберлік байқасады.

Америкалық спортшы бастапқы кездесуінде әлемнің 60-ракеткасы, колумбиялық Камила Осорионы жолдан тайдырды – 3:6, 6:3, 6:3.

Тағы бір қазақстандық, рейтингіде 82-орындағы Юлия Путинцева әлемнің 55-ракеткасы, ресейлік Людмила Самсоновамен кездеседі. Торонтода Е.Рыбакина Л.Самсонованы 6:4, 4:6, 6:4 есебімен жеңген болатын. Енді ресейлік теннисшінің жолы Ю.Путинцевамен түйісіп отыр.

Өткен жылы Цинциннати жарысында Е.Рыбакина ширек финалда әлемнің 1-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенконы 6:1, 6:4 есебімен тізе бүктірген еді. Бірақ жартылай финалда поляк теннисшісі Ига Швентектен 5:7, 3:6 есебімен жеңіліп қалған. Кейін И.Швентек финалда италиялық Жасмин Паолиниді 7:5, 6:4 есебімен ұтып, чемпион атанды.

Биыл аталған теннисшілер үшін Цинциннати корты табысты бола ала ма, оны алдағы ойындар көрсетеді. Олардың бәріне де өткен жылғы рейтингілік ұпайларын қорғауға тура келеді.

Бүгін түнде Торонтода финалда И.Швентекке есе жіберген Е.Рыбакинаның әлемнің 1-ракеткасы атану үшін А.Соболенкомен тайталасы Цинциннатиде жалғасады.

Жүлде қоры 7 млн 433,076 мың АҚШ долларына бағаланған Цинциннати турнирі 23 тамызда мәресіне жетеді. Жеңімпаз 1 млн 086,220 мың долларға қоса 1 мың рейтингілік ұпайға қол жеткізеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Торонто турнирінің финалында есе жібергенін жазған едік.