Елена Рыбакинаның Вашингтон турниріндегі қарсыласы белгілі болды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның бірінші, әлемнің 12-ракеткасы Елена Рыбакина Вашингтон (АҚШ) WTA 500 турнирінде 18 жастағы канадалық Виктория Мбокомен шеберлік байқасады.
Дүниежүзілік рейтингіде 88-сатыда тұрған В.Мбоко аталған жарыстың алғашқы айналымында әлемнің 42-ракеткасы, ресейлік Анастасия Потапованы 6:2, 6:4 есебімен жеңді. Осылайша, канадалық теннисші екінші айналымға өтіп, доданың 3-ракеткасы болып тіркелген Е.Рыбакинаға қарсылас атанды.
Тағы бір қазақстандық, әлемнің 43-ракеткасы Юлия Путинцева алғашқы айналымда жекелей сында рейтингіде 51-орындағы жапониялық, «Үлкен дулыға» турнирлерінің бес дүркін чемпионы Наоми Осакамен шеберлік байқасады.
Рыбакина сонымен қатар жұптық сында ұлыбританиялық Эмма Радуканумен бірге доданың 4-ракеткалары, словакиялық Тереза Михаликова – тағы бір ұлыбританиялық Оливия Николлспен сынға түседі.
Тенниске төрт жылғы үзілістен кейін қайта оралған 40 жастағы Галина Воскобоева жұптық сында ресейлік Камилла Рахимовамен бірге америкалықтар Кэролайн Доулхайд – Софья Кениннен өте алмады – 5:7, 3:6.
Сондай-ақ қазақстандық, рейтингіде 218-орындағы Бейбіт Жұқаев Вашингтон ATP 500 турнирінің алғашқы айналымында әлемнің 39-ракеткасы, франциялық Александр Мюллерден жеңіліс тапты – 4:6, 4:6.
Бейбіт Вашингтонда іріктеу сайыстарынан сәтті өтіп, негізгі додаға алғаш рет жолдама алған еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Шевченконың Аустриядағы жарыста қарсыласын камбэкпен жеңгенін жазған едік.