Елена Рыбакина АҚШ-тағы турнирдің үшінші айналымына өте алмады
Жарысты екінші айналымнан бастаған қазақстандық теннисші дүниежүзілік рейтингте 42-сатыда тұрған украиналық Ангелина Калининамен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда украиналық теннисші сәттірек ойнады – 6:4.
Екіншісінде Е.Рыбакина артығымен есе қайырды – 6:2.
Үшінші, шешуші сетті брейкпен бастаған А.Калинина көп ұзамай алға кетті – 4:2. Ақыры ол матчқа доп бергенде, мүмкіндігін пайдалана білді – 6:4.
Екі сағат 18 минутқа созылған матчта Е.Рыбакина 10 эйс жасап, 12 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Қарсыласы 2 эйс, 5 брейкпен (11 брейк-пойнт) көзге түсті.
А.Калинина ширек финалға шығу үшін әлемнің 34-ракеткасы, франциялық Ализе Корнемен таласады.
Тағы бір қазақстандық, әлемнің 46-ракеткасы Юлия Путинцева екінші айналымда рейтингте өзінен бір саты төмен тұрған америкалық Аманда Анисимовадан ұтылып қалды – 1:6, 2:6.
Осылайша ірі додада Е.Рыбакина да, Ю.Путинцева да ұтылып қалды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Чарльстон турнирінің екінші айналымына шыққанын, Қазақстан жасөспірімдер құрамасының Аустралиямен ойнайтынын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ қазақстандық теннисшілер Мароккодағы жарыстың ширек финалына шықты.