АСТАНА. ҚазАқпарат – Әйелдер теннисі қауымдастығы (WTA) жаңартылған рейтингіні жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина әлемдік рейтингте оныншы орнын сақтап қалса, Юлия Путинцева 45-тен 43-ке көтерілді.
Үздік үштікте бұрынғыша Польша өкілі Ига Швентек, белоруссиялық Арина Соболенко және тунистік Онс Жабер келеді.
Өткен аптада Е.Рыбакина Әбу-Даби WTA 500 турнирінің ширек финалына, Ю.Путинцева екінші айналымына дейін жетті. Қос теннисші де осы аптада Дохада (Қатар) өтетін жарысқа қатыспайды. Ал 19-25 ақпанда Дубай WTA 1000 додасы өтеді.
Жұптық сында әлемдік рейтингте чехиялық Катерина Синякова көш бастаса, америкалық Коко Гауфф екінші, тағы бір чехиялық Барбора Крейчикова үшінші сатыда тұр.
Қазақстандық Анна Данилина 24-тен 25-ке, Е.Рыбакина 111-ден 113-ке сырғыды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшілердің Аргентинадағы турнирдің финалына шыға алмағанын жазған болатынбыз.
Фото: ktf.kz
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).