АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина алдағы дүйсенбіде жаңартылатын әлемдік рейтингіде үздік үштікке енеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші WTA Live рейтингісінде қазір 4-тен 3-орынға көтеріліп тұр.
Ролан Гаррос турнирінің қорытындысы бойынша Е.Рыбакинаның алдына әлемнің 7-ракеткасы, тунистік теннисші Онс Жабер шығуы мүмкін еді. Алайда ол ширек финалда әлемнің 14-ракеткасы, бразилиялық Беатрис Хаддад Майяға жол берді – 6:3, 6:7 (5:7), 1:6.
Осылайша, Елена Рыбакина Польша өкілі Ига Швентек пен Беларусь өкілі Арина Соболенкодан кейінгі үшінші сатыға көтерілмек.
Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметі мәліметті растап, Е.Рыбакинаның ресми түрде алдағы дүйсенбіде әлемнің үшінші ракеткасы атанатынын жеткізді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық жас теннисшінің Грузияда өткен жарыстың абсолютті чемпионы атанғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).