НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 25-ракеткасы Елена Рыбакина Цинциннати (АҚШ) WTA 1000 турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші үшінші айналымда әлемнің 29-ракеткасы, америкалық Элисон Рискемен кездесті.
Бірінші партияда Е.Рыбакина 6:2 есебімен басым түсті. Екінші сетте де есесін жіберген жоқ – 6:4.
Бір сағат 25 минутқа созылған матч барысында Елена 9 эйс жасап, 13 брейк-пойнттың төртеуін сәтті пайдаланды. Қарсыласы 1 эйс, 1 брейктен аса алған жоқ.
Осылайша, Е.Рыбакина өз спорттық жолында алғаш рет Цинциннати додасының ширек финалына жолдама алды. Ол жартылай финалға шығу үшін әлемнің 1-ракеткасы, Польша өкілі Ига Свентек немесе рейтингте 24-орындағы америкалық Мэдисон Киздің біреуімен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Цинциннати турнирінде «Үлкен дулыға» турнирінің екі дүркін чемпионын ұтқанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Анна Данилина Цинциннати турнирін жеңіспен бастады.
Фото: sports.kz
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).