АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Индиан-Уэллс WTA 1000 турнирінің чемпионы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші финалда әлемнің 2-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенкомен кездесті.
Бір сағат 20 минутқа созылып, тартысты өрбіген бірінші партияда Е.Рыбакина тай-брейкте жеңісті жұлып алды – 7:6 (13:11).
Ол екінші сетте де есесін жібермеді – 6:4.
Екі сағаттан астам уақытқа созылған бәсеке барысында Елена 7 эйс жасап, 10 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. А.Соболенко 4 эйс, 2 брейкпен (6 брейк-пойнт) шектелді.
Осылайша, алғаш рет WTA 1000 жарысының жеңімпазы атанған Е.Рыбакина А.Соболенкодан Аустралия ашық чемпионатының финалында кеткен есені қайтарды.
Сондай-ақ Елена Рыбакина өз спорттық жолында алғаш рет әлемдік рейтингіде жетінші орынға көтеріледі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның әлемнің сегізінші ракеткасы атанғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ қазақстандық теннисші Швейцариядағы турнирдің финалына шықты.
Қазақстандық жас теннисші Үндістанда өткен жарыстың жеңімпазы атанды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).