АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина спорттық жолында алғаш рет WTA қорытынды турнирінде ойнайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, Елена Рыбакинаның есебінде қазір 5476 ұпай бар, бұл оған аталмыш додаға қатысуға мүмкіндік береді.
WTA қорытынды жарысында Рыбакинадан басқа беларусьтік Арина Соболенко мен Польша өкілі Ига Швентек жолдама алды.
Осылайша, аталмыш турнирде Е.Рыбакина жекелей сында қазақстандық теннисшілерден тұңғыш рет өнер көрсетеді. Өткен жылы Анна Данилина жұптық сында бақ сынаған еді.
Дода биыл қазанда Чехияда немесе Сауд Арабиясында өтуі мүмкін.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын АҚШ ашық чемпионатында Анна Данилинаның миксте финалға жолдама алғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).