Елена Рыбакина Берлин турнирін жеңіспен бастады
Жарыстың екінші ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте 139-орында тұрған, іріктеу сайысы жеңімпаздарының бірі, ресейлік, 20 жастағы Полина Кудерметовамен кездесті.
Бірінші партияда есеп 5:4 болған мезетте Елена брейк жасай білді – 6:4.
Екінші сетте Рыбакина 3:0 есебімен алға кетті. Ақыры матчты тағы бір брейкпен түйіндеді – 6:2.
Бір сағаттан астам уақытқа созылған матчта Е.Рыбакина 9 эйс жасап, 11 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Полина Кудерметова 9 эйспен көзге түсті.
Бір айта кететін жайт, Полинаның апасы, әлемнің 13-ракеткасы Вероника Кудерметова да Берлинде бақ сынауда.
Е.Рыбакина ширек финалға шығу үшін әлемнің 23-ракеткасы, хорватиялық Донна Векичпен таласады. Д.Векич бастапқы кездесуінде рейтингте 43-сатыдағы ресейлік Варвара Грачеваны ұтты – 6:3, 6:2.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық жас теннисшілердің халықаралық турнирлерде табысты өнер көрсеткенін жазған болатынбыз.