АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 3-ракеткасы Елена Рыбакина Берлин WTA 500 турнирінің ширек финалына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің 23-ракеткасы, хорватиялық Донна Векичпен кездесті.
Бірінші партияда тай-брейкте Елена Рыбакина басымдылық танытты - 7:6 (7:1).
Алайда содан кейін хорватиялық спортшы күш алып кетті - 6:3, 6:4.
Екі сағат 14 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында Елена Рыбакина 15 эйс жасағанымен, 2 брейк-пойнтты мүлт жіберді.
Қарсыласы 5 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың екеуін пайдалана білді.
Д.Векич жартылай финалға шығу үшін рейтингте 81-орында тұрған ресейлік Элина Аванесянмен таласады.
Ол бұған дейін отандастары Дарья Касаткина мен Анна Блинкованы жолдан тайдырды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакина Қазақстанда балалардың теннис ойнай бастағаны қуантатынын айтқан болатын.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).