АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 26-ракеткасы Елена Рыбакина Острава (Чехия) WTA 500 турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Е.Рыбакина ширек финалда әлемнің 20-ракеткасы, чехиялық Петра Квитовамен шеберлік байқасты.
Петра Квитова – 2011 жылы Уимблдонда үздік шығып, дүниежүзілік рейтингте 2-орынға дейін көтерілген тәжірибелі теннисші. Ал Рыбакинаның биыл Уимблдон жарысында топ жарғаны белгілі.
Бірінші партияда қазақстандық теннисші тай-брейкте сәттірек ойнады – 7:6 (7:5).
Екінші сетте есеп 3:3 болған мезетте Елена брейк жасап, сосын өз геймін де алды – 5:3. Содан кейін бірінші матчболын құр жіберген жоқ – 6:4.
Екі сағатқа созылған тартысты матчта Е.Рыбакина 11 эйс жасап, 10 брейк-пойнттың біреуін пайдаланды.
Елена Рыбакина финалға шығу үшін әлемнің 23-ракеткасы, тағы бір чехиялық Барбора Крейчиковамен таласады. Ол ширек финалда рейтингте 144-сатыдағы америкалық Алисия Парксті сүріндірді – 7:6 (9:7), 6:3.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннисші Тимофей Скатовтың Италиядағы турнирдің жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).