НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 18-ракеткасы Елена Рыбакина Майами WTA 1000 турнирінің төртінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Е.Рыбакина үшінші айналымда әлемнің 21-ракеткасы, америкалық Джессика Пегуламен ойнады.
Бірінші партияда америкалық теннисші 4:0 есебімен алға кетті. Бұдан кейін Е.Рыбакина бір брейк жасағанымен, одан әріге шамасы жетпеді – 3:6.
Д.Пегула екінші сетті де брейкпен бастады – 2:0. Ақыры өз мүмкіндігін жібермеді – 6:4.
Д.Пегула ширек финалға шығу үшін әлемнің 51-ракеткасы, украиналық Ангелина Калининамен таласады. Ол үшінші айналымда рейтингте 62-сатыдағы бразилиялық Беатрис Хаддад Майяны жеңді – 2:6, 6:4, 6:2.
Бір қызығы, осы жарыста А.Калинина Е.Рыбакинамен, Б.Хаддад Майя тағы бір қазақстандық Анна Данилинамен жұптасып, өнер көрсеткен болатын.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Майами турнирінде Юлия Путинцеваның әлемнің алтыншы ракеткасына жол бергенін жазған болатынбыз.
Александр Бублик те жарыс жолынан шығып қалды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).