АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Дубайда (БАӘ) 19-24 желтоқсанда өтетін World Tennis League турнирінде ойнайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, жарыста төрт топқа («Бүркіттер», «Сұңқарлар», «Қаршығалар», «Әуе жыландары») бөлінген 18 ойыншы өнер көрсетеді.
Уимблдон чемпионы Е.Рыбакина «Қаршығалар» тобында германиялық Александр Зверев, аустриялық Доминик Тим және эстониялық Анетт Контавейтпен бірге ойнайды.
Барлық топ бір-бірімен кездеседі. Ең үздік екі топ финалда кім мықтыны анықтайды. Әр бәсеке үш ойыннан тұрады, біреуі ерлер, екіншісі әйелдер арасында, үшіншісі аралас жұпта (микст) болады.
Е.Рыбакина 20 желтоқсанда әлемнің бесінші ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенкомен сынға түседі. 22-сінде Рыбакина Зверевпен бірге канадалықтар Феликс Оже-Альяссим - Эжени Бушармен кортқа шығады. 23 желтоқсан күні Елена әлемнің 4-ракеткасы, франциялық Каролин Гарсиямен шеберлік байқасады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстанның үздік теннис бапкерлері марапатталғанын жазған болатынбыз.
Фото: ktf.kz
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).