НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада Билли Джин Кинг кубогы аясында өтіп жатқан Қазақстан – Германия матчында Елена Рыбакина есепті 2:0-ге жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстанның бірінші, әлемнің 19-ракеткасы Е.Рыбакина дүниежүзілік рейтингте 232-орында тұрған Лаура Зигемундпен сынға түсті.
Е.Рыбакина 22 жаста болса, германиялық теннисші 34-те. Осыған дейін қарсыластар үш мәрте кездесіп, соның екеуінде қазақстандық теннисші жеңген еді.
Бұл жолы Е.Рыбакина бірінші партияда Л.Зигемундқа бірде-бір гейм бермей, 22 минутта 6:0 есебімен тізе бүктірді.
Екінші сетті германиялық спортшы брейкпен бастағанымен, Елена таразы басын таразы басын сол бойда теңестіріп қана қоймай, есепті 5:1-ге жеткізді.
Сосын матчқа доп бергенде қарқынын бәсеңдеткен жоқ - 6:1.
Осылайша, есеп – 2:0, Қазақстанның пайдасында.
Қазақстан – Германия матчы ертең жалғасады. Қазақстандықтарға қалған кездесулерде бір ұпай алса, жетіп жатыр. Өз тарихында алғаш рет Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңіне жолдама алады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын бүгін Қазақстан – Германия матчында Юлия Путинцеваның Қазақстанды алға шығарғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).