НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 18-ракеткасы Елена Рыбакина Мадрид WTA 1000 турнирінің үшінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Осы ірі доданың 16-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші екінші кездесуін дүниежүзілік рейтингте 51-орында тұрған чехиялық Катерина Синяковамен өткізді.
Екеуі осыған дейін бес рет шеберлік байқасып, соның үшеуінде Е.Рыбакина жеңіске жеткен еді.
Бұл жолы бірінші партияда Е.Рыбакина қарсыласына бірде-бір гейм берген жоқ – 6:0.
Екінші сетте де Рыбакина 1:0 есебімен алға кеткеннен кейін чехиялық спортшы бәсекені жалғастырудан бас тартты.
Елена небәрі 38 минутқа созылған матч барысында 3 эйс жасап, 6 брейктің тең жартысын пайдаланып үлгерді.
Е.Рыбакина жүлде қоры 6,5 млн еуродан асатын жарыстың ширек финалына шығу үшін әлемнің 35-ракеткасы, швейцариялық Хиль Белен Тайхманмен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Мадридте тартысты матчта қарсыласына есе жібергенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ қазақстандық теннисшілер халықаралық турнирлердің финалисі атанды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).