АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 7-ракеткасы Елена Рыбакина Майами WTA 1000 турнирінің финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұдан бұрын жазғанымыздай, бірінші сетте Елена Рыбакина тай-брейкте қарсыласынан басым түскен еді.
Жаңбырға байланысты үзілістен кейін матч қайта жалғасты.
Екінші сетте Д.Пегула брейк жасап, 3:1 есебімен алға кетті. Дегенмен Елена таразы басын теңестіріп қана қоймай, өзі алға шықты – 5:4. Ақыры матчқа доп бергенде, өз мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:4.
Осыған дейін Е.Рыбакина Д.Пегуладан екі рет жеңілсе, соның есесін бүгін қайтарды.
Бір сағат 52 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында қазақстандық теннисші 11 эйс жасап, 15 брейк-пойнттың алтауын пайдаланды. Қарсыласы 1 эйс, 5 брейкпен (11 брейк-пойнт) көзге түсті.
Е.Рыбакина финалда бас жүлде үшін әлемнің 12-ракеткасы, чехиялық Петра Квитова немесе рейтингте 74-сатыдағы румыниялық Сорана Кырстяның біреуімен таласады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).