ОРАЛ. ҚазАқпарат – Монреаль қаласында 7-13 тамыз аралығында өтетін WTA 1000 турнирінің жеребесі тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстанның көшбасшы теннисшісі, турнирдің үшінші ракеткасы Елена Рыбакина жарысты екінші айналымнан бастайды.
Е.Рыбакина екінші айналымда әлемнің 20-ракеткасы, латвиялық Елена Остапенко немесе рейтингте 1056-орында тұрған америкалық Дженнифер Брэдидің біреуімен шеберлік байқасады.
Әлемнің бірінші және екінші ракеткалары, Польша өкілі Ига Швентек пен белоруссиялық Арина Соболенко да осы мастерс додасында бақ сынайды.
Қазақстанның екінші, әлемнің 60-ракеткасы Юлия Путинцева іріктеу сайыстарынан өтуге тырысады. Ол ертең рейтингте 860-сатыдағы канадалық Мия Купреспен кездеседі. М.Куперсті жеңсе, іріктеу сайыстарының финалында қос аустралиялық, әлемнің 114-ракеткасы Кимберли Биррел немесе рейтингте 163-сатыдағы Дарья Сэвиллдің біреуімен жолығады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Недовесовтің Аустралиядағы жарыстың финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).