НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 25-ракеткасы Елена Рыбакина Порторож (Словения) WTA 250 жарысының ширек финалына өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің 66-ракеткасы, чехиялық Тереза Мартинцовамен шеберлік байқасты.
Елена Рыбакина бірінші партияда 0:4 есебімен ұтылып жатып, қатарынан алты геймді алды - 6:4.
Екінші сетте Елена айқын басымдылық көрсетті - 6:1.
Бір сағаттан астам уақытқа созылған матчта Е.Рыбакина 4 эйс жасап, 15 брейк-пойнттың төртеуін пайдалана білді. Қарсыласы екі брейктен аса алмады.
Е.Рыбакина жартылай финалға шығу үшін әлемнің 92-ракеткасы, украиналық Леся Цуренкомен таласады. Ол екінші айналымда әлемнің 24-ракеткасы, ресейлік Екатерина Александрованы ұтып кетті - 7:5, 7:6 (7:5).
Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннисші Бейбіт Жукаевтың Ыстанбұл турнирінің ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Фото: ktf.kz
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).