АСТАНА. ҚазАқпарат – Майами WTA 1000 турнирінің финалына шыққан Қазақстанның бірінші, әлемнің 7-ракеткасы Елена Рыбакина тай-брейк пен эйс жөнінен бірегей нәтижеге қол жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
OptaAce сайтынан алынған мәліметке қарағанда, қазақстандық теннисші жыл басынан бері өз ойындарында жеті тай-брейк өткізді.
Елена соның бәрінде жеңіске жетті – 7:0, мұндай нәтижеге WTA ойыншыларынан биыл ешкім жете алған жоқ.
Елена Рыбакина сонымен қатар америкалық атақты теннисші Серена Уильямстен кейін (2016) бір жарыс барысында бес матчта қатарынан 10 және одан көп эйс жасаған бірінші теннисші атанды.
Қазақстандық спортшы Майами мастерс додасында ресейлік Анна Калинскаямен матчта 14, испаниялық Паула Бадосамен ойында 12, бельгиялық Элиза Мертенспен, италиялық Мартина Тревизанмен бәсекеде 10-10-нан эйс жасады. Сондай-ақ бүгін жартылай финалда 11 эйске қол жеткізді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Майамиде жартылай финалда бірінші сәтте қарсыласынан басым түскенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Елена Рыбакина Майамиде әлемнің үшінші ракеткасын жеңіп, финалға шықты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).